Сыртқа шықпаңыздар: Астанада нөсер жауыннан кейін көшелер жабылды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада екі күнде 1,5 айлық мөлшерден асатын жауын жауды. Жаңбырдың соңы ірі бұршаққа ұласты. Осыған орай қала әкімдігі ескерту жасады. 

В Астане выпало больше месячной нормы осадков за два дня
Фото: Астана әкімдігі
В Астане выпало больше месячной нормы осадков за два дня
Фото: Астана әкімдігі

Қазгидромет мәліметінше, екі күн ішінде Астанада 48 мм жаңбыр жауған, айлық норма — 31 мм. 

Яғни, екі күн ішінде жауын-шашын мөлшері 1,5 айлық мөлшерден асып түсті.

Коммуналдық қызметтер толықтай күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 

В Астане выпало больше месячной нормы осадков за два дня
Фото: Астана әкімдігі

Қала бойынша 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды, олар жергілікті орындарда су сору жұмысын жүргізіп жатыр. Қазір жаңбыр тоқтаусыз жауып тұр.

Толассыз жаңбырға байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысы шектелген:

— Тұран даңғылының Керей-Жәнібек хандар көшесінен Ұлы Дала даңғылына қарай;

— Хусейн Бен Талал көшесінен Ұлы Дала даңғылына қарай;

— Ұлы Дала даңғылының Қабанбай батыр даңғылынан Айтматов көшесіне дейін;

— Нәжімеденов көшесінің Тәуелсіздік көшесінен Аманжолов көшесіне дейін.

Қала тұрғындары мұндай қолайсыз ауа райында сыртқа шықпағаны жөн.

Айта кетейік, коммуналдық қызметтер коллекторлар мен жаңбыр қабылдағыштарды тазарту, құбырларды булау, су бұру, нөсерлі кәріз жүйелері мен тазарту құрылысын салу және басқа жұмыс жүргізіп жатыр.