Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Сицилия жағалауынан жүздеген амфора тиелген ежелгі кеме табылды

АСТАНА. KAZINFORM – Сицилия жағалауында Ежелгі Рим дәуіріне жататын кеменің қалдықтары табылды. Болжам бойынша, ол біздің дәуірімізге дейінгі II–I ғасырларға тиесілі. Бұл туралы Еuronews жазды.

Сицилия жағалауынан жүздеген амфора тиелген ежелгі кеме табылды
Фото: storiearcheostorie.com

Италия Мәдениет министрлігінің мәліметінше, кеме Сицилияның батысындағы Мадзара-дель-Валло жағалауынан шамамен үш теңіз милі қашықтықта, 46 метр тереңдіктен анықталған.

Теңіз түбінен жүздеген амфора, қорғасыннан жасалған екі зәкір штогы және сол материалдан жасалған тағы бір құрылым табылды.

Сицилия жағалауынан жүздеген амфора тиелген ежелгі кеме табылды
Фото: Castelvetranonews.it

Италияның Мәдениет министрі Алессандро Джули бұл олжаны соңғы жылдардағы ең маңызды суасты археологиялық жаңалықтарының бірі деп атады.

– Теңіз бізге тарихымыздың құнды бөлшектерін қайтаруды жалғастырып келеді. Мадзара-дель-Валло маңындағы кеме Жерорта теңізін өркениеттер тоғысына айналдырған адамдар, бағыттар мен сауда байланыстары туралы сыр шертеді. Оның тарихын ашып, қоғамға таныстыру үшін зерттеу жалғасады, – деді Алессандро Джули.

Ежелгі кемені жеке тұлғадан түскен ақпараттан кейін су астында жұмыс істейтін карабинерлер анықтаған.

Енді аумақта құжаттау және егжей-тегжейлі зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Мамандар археологиялық контексті қалпына келтіріп, тарихи нысанды қорғауға қажетті шараларды қабылдамақ.

Еске сала кетсек, бұған дейін Швейцарияда су астынан IV ғасырдағы рим көпірінің қалдықтары табылғанын жаздық.

Сондай-ақ Болгарияда түкті мамонттың сүйектері табылды.