Сиыр ұйықтап жатқан қожайынын өлтірді
АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - Фермер мен оның әйелі еш алаңсыз ұйықтап жатқанда, кенеттен олардың үстіне салмағы бірнеше жүздеген килограмм болатын сиыр құлаған, деп хабарлады Утро.ру.
Бразилияның шығысындағы Минас-Жерайс штатындағы Каратинга қаласының тұрғыны үстіне сиыр құлағаннан кейін жан тапсырды. Басылымның хабарлауынша, 45 жастағы Жоан Мария де Суза ұйықтап жатқан кезде жайылып жүрген мал үйдің төбесіне шығып кеткен екен.
Үйдің төбесі осал материалдан салынғандықтан бірден опырылып түскен. Сиыр ер адам ұйықтап жатқан кереуеттің үстіне түсіп, оны жаншып тастаған. Жуан де Сузаны бірден ауруханаға жеткізген, алайда ота жасардың алдында ол ішке қан кетудің салдарынан көз жұмды. Оқиға болған кезде оның қасындағы әйеліне ешқандай зақым келмеген.
Бұл Бразилиядағы ірі қара малдың үйді бұзған осындай алғашқы жағдайы емес. Жергілікті БАҚ сөзіне қарағанда, соңғы бірнеше жылда мұндай жағдай үш рет болған, алайда онда жапа шеккендер кездеспеген.