Сіздердің ерліктеріңіз теңдессіз ержүректік пен батылдықтың өнегесі болып қалады - ОҚО
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - «Сіздердің ерліктеріңіз келер ұрпақ үшін теңдессіз ержүректік пен батылдықтың, қайыспас ерік-жігер мен мұқалмас күш-қуаттың өнегесі болып қалады.
Бұл туралы облыс әкімі Асқар Мырзахметов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Құдайберген Ержанның Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлеріне жолдаған құттықтауында айтылған.
«Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері! Ұлы Жеңіс мерекесіне орай шын жүрпектен шыққан құттықтауымызды қабыл алыңыздар. Біз бүгінгі ашық аспан үшін терең құрметіміз бен алғысымызды білдіреміз. Сіздер Отанға бүкіл әлемге қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсеттіңіздер. Сіздердің есімдеріңіз ұлттық және әлемдік тарих шежіресіне алтын әріптермен жазылды. Сіздерге ұзақ ғұмыр, денсаулық, сергектік пен жан шуағын тілейміз! Біздің республикамыз одан әрі гүлдене түсіп, әр отбасында тыныштық пен береке орнасын!», - делінген құттықтауда.
Оңтүстік Қазақстаннан майданға 140 мың адам аттанды, олардың жартысы ұрыс даласынан оралмады. 51 оңтүстікқазақстандық Кеңес Одағының Батыры, 5 адам «Даңқ» ордендерінің толық иегері атанды. Олардың есімдері Шымкенттегі Даңк мемориалында мәңгілікке қашап жазылған.
Мереке қарсаңындағы бұл күндері ұлы шайқастардың қатысушыларына әртүрлі ұйымдар құрмет көрсетуде. Айталық, Шымкент әкімдігі мен қаланың қоғамдық ұйымдары ардагерлерге мерекелік дастарқан жайып, әрқайсысына сыйлықтар тапсырды. Жастар ұйымдарының ондаған белсенділері бұл күндері ардагерлерге үй шаруасына қолқабыс етуде. Жігіттер мен қыздар соғыс ерлерінің үйлері мен пәтерлерін ретке келтіріп, аулаларды жинастырды. Бұған ұлттық мәдени орталықтар өкілдері де өз үлестерін қосты. Мәселен, татар-башқұрт орталығы ардагерлерге арнап концерт қойды. Оған ардагерлер халықтық хоры, «Замандашлар» ансамблі, балалар ұжымдары қатысты.
9 мамырға ауқымды шаралар жоспарланып отыр. Мереке салтанаты «Мәңгі өшпес полк» шеруімен басталады. Шымкенттің жүздеген тұрғыны орталық стадион жанындағы алаңға өздерінің Ұлы отан соғысы кезінде шайқасқан туыстарының фотосуреттерін алып шығады. Олар суреттерді қолына ұстап, қала көшесімен Даңқ мемориалына дейін жүріп өтеді. Онда салтанатты митингі өтіп, одан кейін майдангерлер мен тыл ардагерлеріне дәстүрлі сарбаз ботқасы ұсынылады.