«СҚ-Фармация» 150 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алды
«26 ақпандағы жағдай бойынша 150 миллиардтан астам теңгеге дәрі-дәрмектің 1 037 аталымы сатып алынды. Бұл медициналық ұйымдар қажеттілігінің 88 процентін, соның ішінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етудің 85% құрайды», - деді «СҚ-Фармация» төрайымы Людмила Бұйрабекова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Компания мәдіметтеріне сәйкес, сатып алынған препараттар мен медициналық бұйымдардың 934 аталымы бірыңғай дистрибьютордың қоймасына жеткізілді. Бұл сатып алынған көлемнің 90%-ін құрайды. Оның 361-і АДҚ қоймаларынан халыққа тегін дәрі-дәрмек тарататын медициналық және дәріханалық ұйымдарға жеткізіліп жатыр.
Басқарушы директор Гүлнәр Омарованың айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан бойынша 13 миллиардтан астам теңгеге дәрі-дәрмек таратылған. Дәрі-дәрмекті жеткізу наурыз айына дейін жалғасады. Дәрі-дәрмектің тағы 15 аталымы мамыр айында ЮНИСЕФ пен БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы «СҚ-Фармация» қоймасына жеткізіледі.
Бірыңғай дистрибьютор тізімінде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың 1192 аталымы бар. Л. Бұйрабекованың айтуынша, биыл дәрілік қамтамасыз етуді орталықтандыру арқылы 20 миллиард теңгені үнемделеді. Бұл қаражатқа қажетті препараттарды сатып алуға болады.
Айта кетейік, «СК-Фармация» компаниясы 2009 жылы құрылған. Бас кезінде ол «Самұрық-Қазына» қорының құрамында болды. Ал 2013 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына көшті. Аталған компания тегін медициналық көмек аясында дәрі-дәрмектерді сатып алу жұмысымен айналысады.