«СК-Фармация» дәрі-дәрмек сатып алу барысында онлайн-трансляция өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі бірыңғай дистрибьютор 2017 жылға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу бойынша тендерлік өтінімдер ашу рәсімін онлайн өткізді.
Тендерде 73,2 млрд. теңге болатын тауардың әрқайсысының ақтық бағасы көрсетілген, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрлігімен бекітілген 535 атау жарияланды. Тендерге қатысу үшін 45 компания өтініш берген.
«Биылғы тендер шілде айында өтуде. Осыған байланысты, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды медициналық ұйымдарға жеткізу қаңтар айынан басталуы керек», - деді «СК-Фармация» ЖШС басқарушы директоры Нұрсұлтан Ізбағамбетов.
Сонымен бірге, ол препараттардың мәселен, онкологиялық вакциналардың шығарылу мерзімі 4 айдан 6 айға созылатынын атап өтті. Сол себепті, жаңа жылға дейін дайындап қана қоймай, барлық ауруханаға тарату үшін, жеткізушілермен барлық қажетті құжаттарға қол қойып үлгеру үшін тендер ертерек өткізілуде.
Халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін мекемелерге арналған сатып алу қорытындысы бойынша, вирус гепатиті, онкология, диабет, туберкулез, қан аурулары секілді әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу үшін дәрі-дәрмектер сатып алынады.
Тендерлік өтінімдер ашу рәсімі бірыңғай дистрибьютор сайтында онлайн режимінде трансляцияланды.
Айта кетейік, «СК-Фармация» ЖШС 2009 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде халыққа бірыңғай дистрибуциялау функциясын жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» құрылымы жанынан ашылды. 2013 жылы компания ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне берілді.