«СК Фармация» қызметі тексеріліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «СК Фармация» ЖШС-ның қызметіне сырттай сараптама жасау ісіне кірісті. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаменттің аға тергеушісі Қайсар Баржақсынов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СК Фармация» қызметі тексеріліп жатыр

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында агенттік мүдделімемлекеттік органдарды, қоғам өкілдері мен сарапшыларды тарта отырып, «СК Фармация» ЖШС-нің қызметіне сырттай сараптама жасау ісін бастады», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барысында.

Оның айтуынша, сараптама жасау барысында компанияның нормативтік-құқықтық базасы және ұйымдастырушылық-басқару қызметі жіті зерделенетін болады.

«Нәтижесінде ел басшылығына оның қызмет тиімділігін арттыру, ұйымдастырушылық құрылымын оңтайландыру, бизнес-процестерді трансформациялау, жемқорлық тәуекелдерді жою бойынша нақты ұсыныстар енгізіледі», - деді Қайсар Баржақсынов.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС қоры мен «СҚ Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырған болатын.