«СК- Фармация»-ның бұрынғы басшысына қатысты істі тергеу аяқталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «СК- Фармация»-ның бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты іс жуырда сотқа жіберіледі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«СК- Фармация»-ның бұрынғы басшысына қатысты істі тергеу аяқталды

«Бүгінде тергеу жұмыстары аяқталып, іс қаралып жатыр. Жақын күндері іспен танысу жұмысы да аяқталады. Содан соң іс сотқа жіберіледі», - деді А. Шпекбаев тілшілердің сұрақтарына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, аталған ұйымның бұрынғы басшысына айып қызметін асыра пайдаланғаны үшін тағылып отыр.

Еске сала кетсек, «СК- Фармация»-ның бұрынғы басшысы Берік Шәріп 2019 жылдың тамыз айында елордада қамауға алынған болатын.

«14 тамызда соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады», - деген болатын ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров.