«СҚ-Фармация» диабетпен ауыратын науқастардың тегін дәрі-дәрмек жоқтығына қатысты шағымына жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM — «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков қант диабетімен ауыратын науқастардың «Джардинс» және «Глюконил» тегін дәрілерін алудағы бөгелістерге қатысты шағымдарына түсініктеме берді. 

СҚ-Фармация
Фото: Kazinform

Бұған дейін пациенттер кейбір емханаларда қажетті дәрі-дәрмектердің жоқ екенін, осыған байланысты жаңа жеткізілімдерді күтуге мәжбүр екенін айтып, шағымданған болатын. Бұл мәселеге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов те әлеуметтік желідегі парақшасында назар аударған.

Нұрлыбек Асылбековтің айтуынша, Қазақстан қант диабетін емдеуге арналған 50 түрлі дәрі-дәрмек сатып алады. Оған жалпы 60 млрд теңге бөлінген. Қазіргі уақытта еліміздің медициналық ұйымдарына қажетті дәрі-дәрмек көлемінің 95%-ы жеткізілген.

— Сондықтан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмеу мәселесі жоқ. Кейде жаңадан анықталған науқастар болады. Оларды қосымша өтінімдер арқылы және төмендетілмейтін қор есебінен қамтамасыз етеміз. Ал «Глюконил» мен «Джардинс» препараттары бойынша қамтамасыз ету деңгейі — 95-97%, — деді «СҚ-Фармация» басшысы Үкіметтегі брифингте.

Айта кетейік, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі балалар арасында қант диабетіне шалдыққандар көбейіп келе жатқанын мәлімдеген еді.