Скляр Иран Президентінің сапары жайында: екі ел арасында пайдаланылмаған әлеует мол
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианның елімізге ресми сапарына орай пікір білдірді.
— Бізде екіжақты ынтымақтастықта пайдаланылмаған мүмкіндіктер өте мол. Бұл ел — Каспий теңізі арқылы көршіміз. Осынау әлі де жүзеге асырылмаған әлеуетті пайдалану үшін біздерге белсенді түрде жұмыс істеу қажет, — деді Роман Скляр Ақордада БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Бұған дейін Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкианды қарсы алғанын жазған едік.
Қазіргі уақытта тараптар жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізіп жатыр. Оның барысында сауда-экономикалық, көлік-логистика және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-иран ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланбақ.
Бұған дейін Kazinform-ның аналитикалық шолушысы Астана мен Тегеран арасындағы келіссөздің астарына үңіліп көрген еді.