СҚО: 4 мың егіншінің биыл 20-сы ғана алқабын сақтандырған

егін
Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Биыл Солтүстік Қазақстан облысының диқандары жазда қуаңшылықтан, егін орағы қызған шақта толассыз жауған жаңбырдан зардап шекті. Нәтижесінде көпшіліктің үміті ақталмады.

Биылғы астықтың орташа көрсеткіші жылдағыдан төмен, небары гектарына 10,8 центнер алынды. Мұндайда алдын ала сақтандыру арқылы шығынның орнын толтыруға болады, әрі ол мемлекеттен субсидияланады. Алайда өңірде диқандар арасында сақтандыру өнімін қолданатындар саусақпен санарлық болып шықты. Kazinform тілшісі сақтандыру операторы – Аграрлық несие корпорациясы СҚО филиалы директорының міндетін атқарушы Гнел Арзуманянмен әңгімелесті.

- СҚО-да қанша фермер биыл өнімін сақтандырды?

- 2020 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен саласында сақтандыру бойынша өзгеріс бар, бұрын ол міндетті болса, қазір еркі бойынша сақтандырады. Сондай-ақ мал шаруашылығын да сақтандыруға болады. Сондай-ақ сақтандыру сыйақысының, яғни сақтандырушының компанияға төлейтін ақысының 80% мемлекеттен субсидияланады, шаруа тек қалған 20% ғана төлейді. Былтыр ол 50/50 болған. Биыл СҚО-да мемлекеттік қолдаудың бұл түріне қатысты 20 шарт жасалды.

Соның ішінде 14 фермер 59 205 га егіс алаңын сақтандырды, оның 49 200 га алқапты топырақтағы ылғал тапшылығынан сақтандыру бойынша 8 шарт жасалды. Алты шарт майлы дақылдар бойынша жасалды, мұндағы сақтандыру алаңы 6 647 га құрады. Күздік бидайдың 139 га алқабы топырақтағы ылғал тапшылығы индексі бойынша сақтандырылды. Тағы 5 шарт топырақтағы артық ылғал индексін сақтандыру өнімі бойынша жасалды, онда 3 219 га егіс алқабы сақтандырылды.

- Қанша адам сақтандыру өтемақысын алды немесе алады?

- Топырақтағы ылғал тапшылығына қатысты сақтандыру кезеңі 15 мамырдан 15 тамызға дейін созылып, аяқталды. Нәтижесінде қуаңшылықтан зардап шеккен Айыртау, Ақжар, Қызылжар, Уәлиханов аудандарының 7 кәсіпкеріне 23 483 га алқап үшін 217 869,2 мың теңге мөлшерінде сақтандыру төлемдері жасалды. Айта кетейін, фермерлердің егіс алқаптарын сақтандыру бойынша шығындары 34 222,1 мың теңгені құрады, бұл сақтандыру сыйлықақысының 20%, қалған бөлігі субсидия ретінде мемлекет есебінен төленді. Ал тоқтаусыз жауын-шашыннын зардап шеккендермен 15 қазаннан кейін есеп айырысамыз, осы уақытта топырақтағы артық ылғал индексін сақтандыру өнімі бойынша қорғау мерзімі аяқталады.

- Қандай жағдайда шаруашылық сақтандыру төлемін ала алмайды?

- Қазақстан Республикасының заңнамасында және сақтандыру шартында бәрі көрсетілген. Егер фермер шартта белгіленген мерзімді бұза отырып, сақтандыру жағдайы туралы жазбаша өтініш берген болса, сақтандырушы сақтандыру төлемін беруден бас тартуға құқылы.

- Өсімдік шаруашылығындағы фермерлер қандай дақылдарды және қандай қауіп түрлерін сақтандыруы мүмкін?

- Былтыр сақтандыру сыйақыларын субсидиялау бағдарламасы аясында сақтандыруға болатын дақылдардың тізбесі ұлғайды. Енді топырақта ылғалдың тапшылығы мен артық болуынан дәнді дақылдар ішінде: бидай, арпа, сұлы, жүгері, қарақұмық, тары, дәнді құмай, жаздық тритикале, жаздық қара бидайды; бұршақ тұқымдастарының ішінде - бұршақ, жасымық, ноқатты; майлы дақылдардың ішінде - күнбағыс, рапс, зығыр, соя, мақсары, қышаны сақтандыруға болады.

- Былтыр елімізде сақтандыру бағдарламасына қанша фермер қатысты, олардың қаншасы сақтандыру өтемақысын алды?

- 2022 жылы республика бойынша сақтандыру сыйақыларын субсидиялау бағдарламасы аясында барлығы 269 сақтандыру шарты жасалды, оның 117-сі бойынша сақтандыру жағдайы тіркелді. Сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 1 209 364,7 мың теңгені құрады. Ал фермерлердің сақтандыру сыйақыларын төлеу бойынша шығыны субсидиялауды есептемегенде барлығы 335 574,2 мың теңгені құрады.

СҚО бойынша 16 фермер топырақ ылғалдылығының тапшылығы индексі, яғни қуаңшылық бойынша 70 818,4 га егіс алқабын сақтандырды. Нәтижесінде өңірдің алты фермері 85 389,1 мың теңге көлемінде 30 688,3 га алқап үшін сақтандыру төлемдерін алды.

- Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне сақтандыру өтемақысы қалай төленеді?

- Шарт жасасудан бастап төлемдерге дейінгі сақтандырудың барлық процесі Kezekte.kz платформасындағы Аgroinsurance ақпараттық сервисінде онлайн жүргізіледі. Ол үшін сақтандырушының электрондық цифрлық қолтаңбасы болуы қажет. Сақтандыру жағдайының басталуы туралы ақпарат фермердің жеке кабинетіне түседі, онда шаруа сақтандыру төлеміне өтінім беру функционалы да қарастырылған. Сақтандыру компаниялары өтінімді алған сәттен бастап 20 жұмыс күні ішінде сақтандырушының шотына сақтандыру төлемін аударады.

- Елімізде ауылшаруашылығы тауарын өндірушілермен жұмыс істейтін басқа сақтандыру компаниялары бар ма?

- Фермер кез-келген сақтандыру компаниясының қызметін пайдалана алады. Ал сақтандыру сыйақыларын субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау аясында қазіргі уақытта агроөнеркәсіптік кешен саласында 16 сақтандыру өнімі жұмыс істейді. Мәселен топырақта ылғалдың тапшылығы, топырақта артық ылғалдың болуынан басқа, ірі қара малды, жылқыны, қой-құсты, күзгі дақылдарды, алма ағашы мен алма өнімін сақтандыруға болады.

- Рахмет!

Соңғы жаңалықтар