СҚО: 5 аудан мен Петропавлдың бірнеше шағын ауданында таңертеңнен жарық жоқ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысын жылу-электр қуатымен қамтамасыз ететін стансада үш бірдей қазандықтың істен шығуына байланысты, бірқатар елді мекен мен Петропавлдың кей шағын аудандарында жарық жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде кей тұрғындар екінші күннен бері жарықсыз отырғандарын айтып шағымданды. Электр қуаты Петропавлдың 19-ыншы, Бензострой, Хромзауыт ықшам аудандарында, Жұмысшы кентінде ғана емес, облыстың тағы бірнеше елді мекенінде сөндірілген. Кейбірі таңертеңгі сағат 10.00-ден бері жарықсыз отырғандарын жазды .

«СевКазЭнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қараша күні Петропавл 2-ЖЭО үш қазандық агрегаты істен шықты. Салдарынан стансадағы жүктеме төмендеп кеткен. Қуат тапшылығы туындап, салдарынан нысандарды электр энергиясынан ажыратуға тура келді.

Қалыптасқан жағдайды реттеу үшін жүйелік оператор кәсіпорынды оқшауланған жұмысқа шығаруға бұйрық берді. Өңірдің 5 ауданы - М.Жұмабаев, Мамлют, Есіл, Жамбыл және Шал ақын аудандарының елді мекендері ішінара жарықсыз қалды.

Қазіргі уақытта Петропавл 2-ЖЭО станса жұмысын қалыпқа келтіру мақсатында тәулік бойы жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. «Солтүстік Қазақстан РЭК» АҚ жүйелік операторының командасы бойынша 20 минут ішінде 30 МВт жүктеме алынып тасталады. Салдарынан Тимирязев және Жамбыл аудандарында электрмен жабдықтау шектеледі. Сондай-ақ Есіл, Аққайың, Қызылжар аудандары мен М. Жұмабаев аудандарында жарық жоқ. Петропавлда Жұмысшы кентінің тұтынушылары, Мүсірепов және Әуезов көшелерінің тұрғындары, ішінара Малое Белое елді мекені, Бензострой және Хромзавод шағын аудандары, сондай-ақ 19 шағын ауданның тұтынушыларының бір бөлігі электр қуатынсыз отыр.

Бұл жағдай қалалық жылу желілерінің жұмысына да әсер етті. Жылу-электр стансасынан шығатын ыстық судың температурасы 3-5 %-ға төмендеп, жылыту жүйесіне де әсер етті. Энергетиктер кәсіпорын жұмысын қалыпқа келтіру үшін тиісті іс-шараларды қолға алды.


Соңғы жаңалықтар