СҚО әкімі әскерге шақыру науқанын бақылауға алуды тапсырды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында осы көктемде 700-ге жуық адам әскери қызметке шақырылады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
СҚО қорғаныс істері департаментінің бастығы Еркінбек Байболовтың ақпаратына сүйенсек, 396 адам ішкі әскерге жіберілді. Жақын арада ҚР Ұлттық ұланының командасы толықтырылады. Әскерге шақырылған 242 азамат ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өткізілетін кезеңде қоғамдық тәртіпті күзетуге жіберіледі.
«Әскерге шақыру науқаны барысында комиссия жұмысының дұрыс ұйымдастырылмауының салдарынан облыстағы бірқатар аудандар мен Петропавл қаласында ҚР ҰҚК Шекара қызметі 641 және 639А командаларын толықтыру кейінге қалдырылды. Медициналық комиссияны дәрігер-мамандар және құрылғылармен толықтыру қажет. Шал ақын, Айыртау аудандары мен Петропавлда әскерге шақыру бекеттерін құру мәселесі туындап отыр», - деді Еркінбек Байболов.
Оның айтуынша, қазір әскерге шақыртылғандар емханалардан медициналық комиссиядан өтуде, бірақ бұған рұқсат етілмеген.
Құмар Ақсақалов ешқандай арнайы ғимараттың салынбайтындығын және бұл мәселені қолда бар кеңселерді пайдалана отырып, шешу керектігін атап өтті.
«Прагматизм болуы керек. Жаңа ғимаратты салуға қаржы бөлмейміз. Әкімдермен бірлесіп, бұл мәселенің шешімін табу керек. Бұл мәселелер өткен жылы да, алдыңғы жылы да көтерілді. Біз қазір талқыладық, енді шешілуі тиіс. Келесі отырыстарда бұл жәйт көтерілмеуі керек. Бұл мәселелерді қауқары жететін басшылар шешуі тиіс немесе мұны шеше алатын басқа адамдар жұмыс істеуі керек», - деді облыс әкімі.
Өңір басшысы аудан әкімдері мен облыс орталығының басшысына әскерге шақыру науқанын бақылауға алуды тапсырды. Денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысына медициналық комиссияға қажетті мамандарды толықтыру мәселесін шешу туралы тапсырма берді.