СҚО әкімі аймақтағы құрылыс жұмыстарын сынға алды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстанда әлеуметтiк нысандар мен баспана құрылысына бөлiнген қаржы 7 млрд теңгеге көбейдi, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Облыстағы құрылыс жұмыстарының барысын аймақ әкiмдiгiнiң отырысында құрылыс басқармасының басшысы Серiк Мұхамедиев мәлiмдедi. Оның айтуынша, 2018 жылы бiлiм, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтiк қамтамасыз ету нысандары мен баспана салуға, инженерлiк желiлердiң құрылысына 18,8 млрд теңге қарастырылған. Былтыр осы бағытқа 12 млрд теңге бағытталған болатын.
Дегенмен, облыс орталығындағы құрылыс қарқыны көңiл көншiтпейдi. Өңiр басшысы құрылыс компаниялары баяу жұмыс істейтінін сынға алды.
«Бiз уақытты бағаламаймыз. Кеше кешке барлық нысандарды аралап шықтым, ешкiм жоқ. Сегiз ай күтiп, жаздың келуiн тосамыз. Алайда, кешкi алтыдан кейiн құрылыс алаңдарында жұмыс тоқтап қалады. Астанаға қараңыздаршы, бас қаламызда күнi-түнi жұмыс қызып жатады», - дедi облыс әкiмi Құмар Ақсақалов.
Аймақ басшысы құрылысты мерзiмiнде аяқтамаған компанияларды қомақты айыппұл мен қара тiзiм күтiп тұрғанын айтты.
Петропавл әкiмi барлық көпқабатты үйлердi уақтылы салып бiтiремiз деп уәде бердi.