СҚО әкімі азық-түлігі қымбат аудандар әкімдерін сынға алды
СҚО әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір басшысы Құмар Ақсақалов әлеуметтік азық-түлік бағаларына сапалы түрде мониторинг жасалмағандығы үшін аудан әкімдері мен салалық ведомство жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, Петропавлдағы тауарлардың бағасы республикамен салыстырғанда төмен. Алайда, аудандарда жағдай басқаша. Кейбір тауарлардың бағасы шарықтап кеткен.
«Аудандарда бір тауардың құны әртүрлі. Біз кеше сауда орындарын тексердік. Петропавлда бір келі қант 232 теңге тұрса, Мамлют ауданында 260 теңгеге барады. Мағжан Жұмабаев ауданында күріш 230 теңгеге, ал Аққайың ауданында 280 теңгеге саудалануда. Айырмасы 50 теңге. Тұрақтандыру қорынан күрішті 213 теңгеге сатып жатырмыз. Неге бақылау жоқ?», - деп атап өтті Құмар Ақсақалов.
Биыл облыста тұрақтандыру қорына 800 тонна көкөніс алынды. Оның ішінде 500 тонна картоп, 100 тонна сәбіз, пияз және қырыққабат бар. Қазір сауда орындарында картоп пен пияздың келісі 65 теңгеден, сәбіз 77 және қырыққабат 80 теңгеден сатылуда. Қорда 25 мың литр күнбағыс майы бар, литрі 325 теңге. Тауық жұмыртқасы 165-185 теңгеге сатылуда.
Облыс әкімі тиісті органдардың басшыларына жағдайды түзеуді тапсырды. Құмар Ақсақалов әлеуметтік тауарлардың бағасын бақылауға депутаттар мен «Нұр Отан» партиясы да атсалысуы керек деп есептейді. Сондай-ақ тауарлардың бағасын БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жиі көрсеткен жөн.