СҚО әкімі Дариға Шәкімованы жеңісімен құттықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Ерiк Сұлтанов Дариға Шәкiмоваға құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

СҚО әкімі Дариға Шәкімованы  жеңісімен құттықтады

Өңір  тумасы Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының әйелдер боксы бойынша 75 кг дейiнгi салмақта қола жүлдеге қол жеткiзген еді.

«Солтүстiкқазақстандықтардың және өз атымнан Сiздi мәнiнде лайықты жеңiсiңiзбен - Рио-де-Жанейродағы 31-шi жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдесiмен шын жүректен құттықтаймын!

Қажымас қайрат, қайтпас талап және ұрыс жүргiзудiң жоғары әдiс-тәсiлiн игергенiңiздiң арқасында үздiктердiң үштiгiнен табылдыңыз.

Сiздiң айқын жеңiсiңiз Олимпиадағы қазақстандық атлеттердiң жеңiсiмен оңтайлы орайласты. Сiз Қазақстанның барлық жанкүйерлерiне ерекше қайталанбас көңiл-күй, мақтаныш сезiмiн сыйладыңыз. Отанымыздың даңқын тағы бiр мәрте асқақтата отырып, мыңдаған жас спортшыға үлгi болдыңыз!», - делiнген жеделхатта.

Ерiк Сұлтанов Дариға Шәкiмоваға мықты денсаулық, игiлiк пен спортта жаңа жетiстiкке жетуiн тiледi.

Сондай-ақ Ерiк Сұлтанов Дариғаның анасы - Зейнеп Көкенқызына да құттықтау жеделхатын жолдады.

Дариға Оралқызы Шәкiмова 1988 жылдың 20 қарашасында Солтүстiк Қазақстан облысында дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегi спорт шеберi. Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, Азия чемпионы (2010, 2015).