СҚО әкiмi Ерiк Сұлтанов: «Аудан әкiмдерiнiң жұмыс уақыты құрылыс алаңдарында таңғы 7-де басталуы тиiс»

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Өңiр басшысы аппараттық жиналыс барысында осылай дедi. Онда «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысы да талқыланды.

СҚО әкiмi Ерiк Сұлтанов: «Аудан әкiмдерiнiң жұмыс уақыты құрылыс алаңдарында таңғы 7-де басталуы тиiс»

Бұл мәселе жөнiнде сан мен фактiлер туралы ақпаратты жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереев баяндады.

«Ағымдағы жылдың 4 маусымындағы ахуал бойынша 66 жоба бойынша конкурс жүргiзiлген. Оның 3-iнде жөндеу жұмыстары аяқталды», - дедi инфрақұрылым нысандарын iске асыру жөнiнде хабарлаған Асқар Жоламанұлы.

Бұдан бөлек, басқарма басшының берген ақпараты бойынша «Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасының үшiншi бағытының екiншi құрамдас бөлiгi «Еңбек жастарына арналған тұрғын үй құрылысын» iске асыру аясында биыл Аққайың ауданының Смирново селосында 5 жеке тұрғын үй салынған. Сондай-ақ, 135 пәтерлi 6 жастар жатақханасы облыстың бес ауданында - Айыртау, Аққайың, Жамбыл, Жұмабаев, Қызылжар аудандарында тұрғызылатын болады.

«Әрбiр жұмыс күнiн бұл жатақханалардың құрылыс алаңында сағат 7-ден бастаңдар. Сағат 7.30-да орынбасарым Антон Федяевқа атқарылған жұмыс туралы ақпарат берiңдер. Ең бастысы - iргетас. Оны 10-20 күннiң iшiнде аяқтап, кiрпiш қалауға кiрiсiңдер. Көлемiн анықтап, егер 500 текше болса, күнiне 10-15 текшеден қалау керек. Бiрмезетте маңдайшаны жабыңдар, сылақты дайындап, сыртқы және iшкi инженерлiк-коммуникация жүйелерiн жүргiзiп, жабдықтаңдар», - дедi Ерiк Хамзаұлы.

Сондай-ақ, басқарма басшысының мiндетiн атқарушы Берiк Әлжанов аса қауiптi мал ауруларын алдын алу шараларын ұйымдастыру барысы туралы баяндады, деп хабарлады СҚО әкімдігінен.