СҚО әкімі құрылыс барысымен танысты
Алдымен облыс әкімі Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылында салынып жатқан 300 орындық жаңа мектептің құрылысында болды. Бүгінде мұнда жұмыстың дені орындалған. Әйтсе де, жаңа оқу жылында мектепті пайдалануға беру үшін құрылысшыларға ширақ жұмыс істеу керек екенін айтқан Ерік Хамзаұлы инженерлік-коммуникациялық желі тартуға назар аударды. Үстіміздегі жылдың басында құрылыс жұмыстарын қолға алған мердігер компания "Севимсталькон" ЖШС биыл жаңа білім ошағы оқушыларға есігін айқара ашатынына сендірді. Қазіргі таңда төбесі жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстың 80 пайызы орындалғаны туралы учаске басшысы Бөгенбай Мұсылманбеков журналистерге берген сұхбатында айтып өтті.
Өңір басшысы келесі атбасын тіреген нысан Петропавл халықаралық әуежайы болды. Қазір мұнда әуежай терминалын жөндеу бойынша жұмыс ерекше қарқын алған. Сонымен қатар, ғимараттың қасбетін қалпына келтіру, ішкі жұмыстар және алаңды абаттандыру жұмыстары да қат-қабат жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімі әуежай терминалын жөндеу бойынша құрылған штабтың өкілдерімен кеңес өткізіп, алдағы күндердің ауқымды жоспарларын талқылады.
Облыс орталығында Жастар сарайына (бұрынғы "Метро" ойын-сауық орталығы) жөндеу жұмыстарының жүргізілуі де қуанышты жағдай. Былтыр концерт, спорт залдары мен шатыры, қызметтік кабинеттер жөндеуден өткізілген. Алыстан менмұндалап, көркімен көз тартар ғимараттың сыртқы келбеті биыл декоративті материалдармен әрленген. Бүгінде ғимарат алды жөнделуде. Алдағы уақытта орындықтар қойылып, қоқыс жәшіктері орнатылмақ.
Баспана салу мәселесі де үнемі назарда. Қазіргі таңда облыс орталығындағы "Береке" шағынауданында бірнеше тұрғын үй салынуда. Құрылыс жұмыстарымен жіті танысқан өңір басшысы үйлердің сапалы салынуы мен уақытында пайдалануға берілуі керектігін ескертті. Жалпы, биыл облыс бойынша 1011 пәтерлік 11 тұрғын үй қолданысқа берілмек.
"Береке" шағынауданында тағы бір берекелі іс қолға алынуда. Православ дінін ұстанушылар үшін үш жүз орындық Севастиан-Магдалинский шіркеуі салынуда. Қазір жұмыстың 25 пайызы орындалды. Үстіміздегі жылдың маусым айында іргетасы қаланған ғибадатхана 2018 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы аумағы бір мың шаршы метрден астам нысан құрылысына 350 миллион теңге жұмсалмақ. Демеушілер тарапынан қаржы құйылып жатыр. Мұсылман қауымы үшін де жағымды жаңалық 20-шы шағынауданда құрылысы қолға алынған 500 орындық жаңа мешіт дер едік. Мешіттің бағаналары мен жақтауларын орнату үшін тағы бір компания құрылысқа тартылуда.
Сондай-ақ, өңір басшысы "РимКазАгро" ЖШС-нің жылдам пісетін кеспелерді, ботқаларды, сорпаларды, картоп езбесін дайындайтын цехында болды. 2016-2019 жылдардағы кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жоба аясында 58 жұмыс орны ашылады.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапары барысында "СевКазЭнерго" АҚ-ның бастамасымен қолға алынған Жамбыл-Ғабит Мүсірепов көшелерінің қиылысындағы жатақхананың құрылысымен танысты. Үстіміздегі жылдың желтоқсан айында аталмыш компания қызметкерлерінің игілігі үшін пайдалануға беру жоспарланып отырған жатақхананың жалпы ауданы 4329 шаршы метр.
- Желтоқсан айында бірқатар мерекелік шаралар аталып өтіледі. Әсіресе, еліміз үшін елеулі оқиға - Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қызметкерлерді баспанамен қамтамасыз ету игі іс болар еді, - деп атап өткен Ерік Хамзаұлы қолға алынған бастамаға көңілі толатынын жеткізді. 1993 жылы салынған ғимарат бұған дейін бос тұрған болатын. Бүгінде жатақхана ретінде қайта қалпына келтірілуде.
- Бұл нысанды біз 2015 жылы сатып алған болатынбыз. Шағын отбасыларға арналған жатақханада қызметкерлеріміз тұратын болады және бөлмелердің бірқатарын Петропавл қаласының аз қамтылған отбасыларына беру қарастырылған. Жалпы саны 90 пәтердің бесеуі - екі бөлмелі, қалғаны бір бөлмелі болады, - деді "СевКазЭнерго" АҚ бас директорының орынбасары Алла Язовская.