СҚО әкімі мектептегі шабуылдан зардап шеккен балалардың көңілін сұрап барды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров көпбейінді балалар ауруханасына барып, бүгін 9-сынып оқушысының қолынан жарақат алған балалардың хал-жағдайын білді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі мектептегі шабуылдан зардап шеккен балалардың көңілін сұрап барды

СҚО әкімі Айдарбек Сапаров облыстық көпбейінді балалар ауруханасында болды. Өңір басшысы отадан кейін естерін жинаған екі баламен тілдесті. Бұл жайында ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Бүгінгі оқиғадан кейін ауруханаға түскен балалардың хал-жағдайын білдім. Балалармен тілдесіп, тезірек сауығып кетуін тіледім. Зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетілді, қазір олардың жағдайы тұрақты. Балалар дәрігерлердің бақылауында», - деді Айдарбек Сапаров.

Бүгін таңертең Петропавлдағы №4 орта мектептің 9-сынып оқушысы сабаққа өзімен бірге балта мен пышақ ала келіп, жоғары сыныптың үш баласын жарақаттаған еді.

Мектепке қаруланып келіп, қатарластарына шабуылдаған жасөспірім, кейін белгілі болғандай, психиатриялық есепте тұрған.

Зардап шеккен балалардың екеуіне ота жасалып, олар жансақтау бөліміне жатқызылды. Үшіншісі қажетті көмек алғаннан кейін үйіне жіберілді.

СҚО әкімі оқиғаны бақылауда ұстап отыр. Айдарбек Сапаров істің мән-жайын толық анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын айтты.


Фото: facebook.com/people/Айдарбек-Сапаров