СҚО әкімі сапасыз тұрғын үйді қабылдағандарды жазаламақ

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Облыс әкімдігінде «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асыру мәселесі талқыланды, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО әкімі сапасыз тұрғын үйді қабылдағандарды жазаламақ

Биыл өңірде 200 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарлануда. Мемлекеттік қаржыландыру есебінен 1559 пәтер пайдалануға беріледі. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қамтамасыз ету мен аумақты абаттандыру, тұрғын үй нысандарын салуға 4,4 млрд теңге сомасында қаражат көзделді.

Құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев «Береке» шағын ауданында 96 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға уақытында енгізілмеуі мүмкін екенін айтты. Бұл үй жергілікті атқарушы органнан кезекке тұрғандарға арналып салынуда. Пайдалануға енгізу 2017 жылғы желтоқсанға жоспарланған.

«Құрылыс басқармасы құрылыс процесінің кешігу себебін анықтау жұмыстарын жүргізуде. Негізгісі - құрылыс материалдарын уақтылы жеткізбеу», - деді Серік Мұхамедиев.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов мерзімін кешіктірген мердігерге қандай шара қолданылатынын сұрады.

«Қолымызды қусырып отыра алмаймыз. Тапсырыс берушінің басшысына, министрлікке тиісті хат жазу керек. МСҚБ бақылауды жүзеге асырып, желтоқсанда тапсырылуы тиіс. Сосын жылдамдатамыз деп сапасы нашар болып жатады», - деді СҚО әкімі.

Құмар Ақсақалов өңірде үйлерді тапсыру мерзімдерін бұзудан басқа, сапасыз құрылыс жайында түскен азаматтардың шағымдары да бар екендігін атап өтті.

«Атап айтқанда, адамдар шатыр құрылғысына шағымданады. Мердігерлер бұл кемшілікті жойды, басқа тұрғындардан да шағымдар түсіп жатыр. Құрылыстың сапасыздығы мен оның тапсыруға техникалық және авторлық бақылау, жергілікті атқарушы органдар жауапты болуы тиіс. Жазаланғандар бар ма? Егер құжаттарға қол қоятындар мен сапасыз үйді қабылдайтындарды жазаламасақ, мұндай бейберекеттік жалғаса бермек», - деді СҚО әкімі.