СҚО әкімі жергілікті ЖОО-ға студент тарту жолдарын айтты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өзге өңірлерге оқуға кететін мектеп түлектерінің азайғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі жергілікті ЖОО-ға студент тарту жолдарын айтты

Әкімнің айтуынша, облыстағы мектеп түлектерінің кетуі 30-дан 12,7%-ға төмендеп, жергілікті М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіндегі студенттер саны 40%-ға артты.

«Жақын арада студенттердің санын 10 мыңға жеткізгіміз келеді. Ол үшін жаңа оқу-зертханалық корпусы салынып жатыр. Мұнда инженерия және цифрлық технологиялар, көлік және машина жасау, энергетика және радиотехника, азық-түлік қауіпсіздігі, орман шаруашылығы агрономиясы және медицина бойынша 73 заманауи зертхана болады», - деді облыс әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Әкімнің айтуынша, қазіргі басты міндет – үміт артып отырған жоғары оқу орнын нығайту.

«2017 жылдан бастап білім беру гранттарының саны екі есеге артты. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, біздің ЖОО-ның шетелдік ЖОО-лармен ынтымақтастық мәселесін пысықтап жатырмыз. Министрлік тарапынан жұмыс жүріп жатыр. Оның нәтижесін көреміз деп ойлаймын. Бұл оқытудың басқа деңгейі болады. Оқытушыларды жаңа бағдарламамен тартатын боламыз», - деді Қ. Ақсақалов.