СҚО әкімі болып Ғауез Нұрмұхамбетов тағайындалды

Әкім
Фото: из открытых источников

Үш аптаға жуық әкімсіз қалған Солтүстік Қазақстан облысына жаңа басшы бекітілді.  Президент Жарлығымен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов өңір әкімі лауазымына тағайындалды. Облыстық мәслихат депутаттары Ғауез Нұрмұхамбетовтың кандидатурасын қолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғауез Торсанұлы Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - деп жазылған Ақорда жариялаған құжат мәтінінде.

Ғауез Нұрмұхамбетов 1968 жылы Қостанай облысы Қарасу ауданының Майский ауылында дүниеге келген.

1992 жылы Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым агроном» мамандығы бойынша, 2002 жылы Челябі мемлекеттік университетін «заңгер», 2008 жылы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін «экономика бакалавры» мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика ғылымдарының кандидаты.

Ғауез Торсанұлы өзінің еңбек жолын 1985 жылы Қостанай облысы Комсомол ауданы «Магнайский» совхозының № 1 бригадасының механизаторы болып бастады.

1992-1994 жылдары Торғай облысы Октябрьсий ауданы Вильямс атындағы совхоздың бас агрономы болды.

1994-1996 жылдары Қостанай облысы Қостанай ауданы "Московский" совхозының бас агрономы.

1996-1997 жылдары Қостанай облысы Комсомольский ауданы «Боскольское» КК директоры болып еңбек етті.

1997-2008 жылдары Қостанай облысы Таран және Қарабалық аудандарының әкімі болды.

2008-2009 жылдары Қостанай қаласының әкімі.

2009 жылдан 2011 жылға дейін Қостанай қаласы "Содружество" ЖШС бас директорының орынбасары лауазымында болды.

2011-2012 жылдары Қостанай облысы Әулиекөл ауданының әкімі.

2012 жылдан 2014 жылға дейін Қостанай қаласының әкімі.

2014 жылдан 2015 жылға дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2015 жылдан 2023 жылға дейін Қостанай облысы әкімінің бірінші орынбасары болды.

2023 жылдың 25 қантарынан бастап ҚР Парламенті Сенатының Депутаты болып сайланды. Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі.

Еске салайық, бұған дейін өңірді басқарған Айдарбек Сапаров ҚР Ауыл шаруашылығы министрі лауазымына тағайындалды. Айдарбек Сейпілұлы СҚО-да 2022 жылдың 1 желтоқсанынан бастап, осы жылдың 4 қыркүйегіне дейін әкім болды.

Соңғы жаңалықтар