СҚО әкімі Петропавлдағы кәріз коллекторының жөндеу жұмыстарын тексерді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Гауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы Жуков көшесіндегі зақымдалған коллектордың жөндеу жұмыстарын көзбен көріп қайтты, деп хабарлайды Kazinform.

Петропавл
Фото: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жұмыстарды жедел және сапалы жүргізуді тапсырғанын жазды. 

— Жуков көшесінде ақау анықталған кәріз коллекторының жөндеу жұмыстарын тексердім. Бұл коллектордың тозығы жеткен, өйткені 67 жыл бұрын іске қосылған.

Коллектордың толық тоқтап қалу қаупін жою үшін төтенше жағдай режимін енгізіп, шұғыл жөндеу жүргізу туралы шешім қабылданды. Мамандар тексеру жүргізіп, жөндеу жұмыстарын бастап кетті. Жұмыстарды уақтылы әрі сапалы орындауды тапсырдым, — деді облыс әкімі. 

Коллектор 7 қарашада құлады. Қалалық әкімдік диаметрі 800 мм және ұзындығы 700 метр құбырдың зақымдалған бөлігін мүмкіндігінше тезірек жөндеу үшін жергілікті штабтың техногендік сипаттағы ТЖ жариялауға шешім қабылдады.