СҚО алқаптарында қар тоқтату жұмыстары қарқын алды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл қардың аздығынан шаруалар алқаптарда қар тоқтату жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өсімдік шаруашылығында қуаңшылықпен күрестің бір жолы – қар тоқтату жұмысын жүргізу. Бұл жұмыс әдетте қыстың ең боранды айы – ақпанда жүргізіледі.
Биыл қардың аздығынан бұл агротехникалық тәсіл көптеген шаруашылықтарда қолға алынды.
Мәселен, Мамлют ауданындағы Токаревка елді мекеніндегі «Хуландой» ЖШС-гі осы күнге дейін 1100 га алқапта қар тоқтатты.
Қазір серіктестіктің егістік жерлерінде 3 техника жұмыс істеп жатыр. 20 ақпанға дейін бұл шаруаны аяқтамақ.
«Жалпы 2700 га егістік алқабымыз бар. Соның 1700 га-на қар тоқтатуды жоспарлап отырмыз. Топырақ зерттеушілердің айтуынша, тоқтатылған қардың тек 30 %-ы ғана топыраққа сіңеді екен. Соған қарамастан бұл агротехникалық тәсілдің берері мол. Өйткені біздің өңір құрғақшылыққа бейім, көктемде 30 күн бойы жел тұрады. Ал бұл жұмыстар қажетті ылғалмен қамтамасыз етеді. Қазір бидай себетін алқапта техника жүр. Күзде жері жыртылды, өйткені, құрғақ болды. Бұл да ылғалды сақтаудың бір жолы. Былтыр күн ыстық болды, болжам бойынша биыл да жаз ыстық болмақ. Сондықтан жақсы өнім алу үшін осы бастан іске кірістік», - дейді шаруашылықтың агрономы Мұса Сағындықов.
СҚО-да былтыр құрғақшылыққа қарамастан кей шаруашылықтар әр гектардан 20 центнерден өнім алды.
Бұл, мамандардың айтуынша, өсімдік шаруашылығында жұмыстарды кешенді атқарудың нәтижесі.
Өйткені жақсы өнім ылғалдың жеткіліктігінен, сапалы тұқымнан, заманауи техникадан және түрлі тыңайтқыштарды уақтылы қолданудан алынады.
Мемлекет те өз тарапынан қолдау көрсетіп келеді. Былтыр өңірдің диқандары 53,8 млрд теңге субсидия алды.