СҚО Аралағаш ауылының маңындағы каналда балық қырылып жатыр

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Аққайың ауданы Аралағаш ауылының маңындағы канал өлген балыққа толған.

қырылған балық
Фото: Әлеуметтік желіден

Бұл туралы өңір тұрғындарының бірі әлеуметтік желіде жариялап, мәселеге назар аударды.

Қырылған балықта есеп жоқ. Куәгердің айтуынша, балық өлексесі бүкіл канал бойы су бетінде жайылып жатыр. 

СҚО Аққайың ауданы әкімдігі бұл оқиғаға қатысты түсінік берді. 

- Бұл канал автожолдың бойында орналасқан. Балықтың қырылуына суда оттегінің жетіспеушілігі себеп болуы мүмкін. Қыста және ерте көктемде температураның өзгеруіне байланысты су нысандарында оттегі деңгейі айтарлықтай төмендейді. Бұл әсіресе су биоресурстары үшін қауіпті: оттегі жетіспегендіктен балық қырылады. Мұндай жағдайға жол бермеу үшін судағы оттегі құрамын анықтап, қыста, мысалы, аэрация жүргізу керек, - делінген әкімдіктің жауабында.

Мамандардың айтуынша, СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бұл мәселеге қанық. Оқиға орнына жауапты қызметтер келіп, жағдайды визуалды тексеруден өткізді.

Тексеру қорытындысы бойынша зертханалық талдау жүргізу үшін су мен биоматериал сынамаларын алу қажеттілігі туралы шешім қабылданды. Алынған мәліметтер негізінде қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданатын болады.

Бұған дейін маңғыстаулық балықшылардың түнде балық аулауға рұқсат сұрап, бейнежазба түсіргенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар