СҚО: Аудан орталығында алғашқы қан тазарту кабинеті ашылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Тайынша ауданының орталық аудандық ауруханасында қан тазарту кабинеті ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО: Аудан орталығында алғашқы қан тазарту кабинеті ашылды

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, кабинетті қажет құралдармен жабдықтауға 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бұл - облыс ауданындағы алғашқы қан тазарту кабинеті.

«Біздің аудан бойынша процедурадан өтіп жатқан 12 адам тіркелді. Бұл іс кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында жүргізіліп жатыр. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі дертіне шалдыққан науқастар аптасына 3 рет қандарын тазартуы керек. Бір аппаратпен бірден үш адамды қабылдай береміз. Ауысымда 6 адамның қанын тазартамыз. Процедура 4 сағат уақытты алады», - деді Тайынша орталық аудандық ауруханасының бас дәрігері Анатолий Рафальский.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде қанын тазартуды қажет ететін науқастардың саны аздап көбейген.

«Өткен жылы 125 болған, биыл  137 адамға жетіп отыр. Бұл науқастарды диагностикалаумен байланысты деп отырмыз. Себебі бүйрек жетіспеушілігі жасырын түрде өтетін ауру, сондықтан тексерістен өтіп, анықтау керек», - деді Т. Сұлтанғазиев.

Петропавлдағы алғашқы «Нефрос - СК» қан тазарту орталығы 2014 жылы №3 қалалық аурухананың негізінде ашылған еді. Онда 12 аппарат бар. Дәл қазір 62 науқас ем қабылдап жатыр.

«Біздің орталық қала және ауыл тұрғындарын бірдей қабылдай береді. Алайда емге барып келу ыңғайсыз әрі қымбат. Сол себепті науқастар облыс әкіміне барған. Нәтижесінде халыққа облыс аудандарында диализдік орталықтарды ашу туралы ұсыныс жасалды», - деді «Нефрос - СК» ЖШС директоры Лилия Гмызина.

Қан тазарту үшін Тайынша ауданына Ақжар, Уәлихан және Айыртау аудандарының тұрғындары келетін болады. Сондай-ақ, осыған ұқсас кабинетті Шал ақын ауданында ашу жоспарланып отыр.