СҚО ауылындағы апаттық мектеп мәселесі толық шешілді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Драгомировка елді мекенінде оқу жылы қарсаңында жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Жалпы биыл өңірде үш мектеп және екі балабақшаның құрылысы аяқталмақ. 

мектеп
Фото: СҚО әкімдігі

Тайынша ауданы Драгомировкада бой көтерген еңселі мектеп апатты тұрған ғимараттың орнына салынды. Енді бұл оқу орнында 129 бала білім алады. Заманауи жабдықталған нысанда оқушыларға бар жағдай жасалған. Сынып бөлмелері кең, жарық, ыңғайлы жиһазбен және қажетті құрал-жабдықпен толық қамтылған.

білім күні
Фото: СҚО әкімдігі

«Биыл 8 оқушы алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Жалпы мектеп 11 жылдық. Түлектеріміз жылда Ұлттық бірыңғай тестілеуден жақсы нәтиже көрсетіп, грантпен жоғары оқу орнына түседі. Ауыл республикалық автожолдың бойында орналасқан. Тұрғындарымыз жеткілікті. Сол себепті мектепке деген қажеттілік бар», - дейді Драгомиров орта мектебінің директоры Мұрат Күленов.

Жаңа мектеп бір жылдың ішінде бой көтерді. Мектеп ұжымы мен ауыл тұрғындарын СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады. Биыл бұдан бөлек тағы 1,5 мың бала жаңа білім ордасында оқымақ.

мектеп
Фото: СҚО әкімдігі

«Мемлекет басшысы балалардың білім алуына бар жағдайды жасау керектігін баса айтты. Айта кету керек, мектептің құрылысына қаржы білім инфрақұрылымы қорынан бөлінді. Осылайша, ауыл балалары мен ұстаздарға бар жағдай жасалып отыр. Сондай-ақ, облыс орталығында арнаулы-мектептің, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында «Орман» және «Береке» шағын аудандарында екі мектептің құрылысы аяқталуға жақын. «Жас Өркен» және «Копай» шағын аудандарында тағы екі мектептің құрылыс басталады», - деді Ғауез Нұрмұхамбетов. 

мектеп
Фото: СҚО әкімдігі

Драгомировкадағы мектептің қолданысқа берілуімен СҚО-да апатты мектептердің мәселесі шешілді. 

Бұған дейін СҚО-да 50 шақты мектепте интернет жылдамдығы өте төмендігін жазған едік.