СҚО аумағынан шығу үшін енді ПТР тест анықтамасы керек – дәрігерлер

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік шектеулердің күшейтілуіне байланысты бұдан былай ПТР тест нәтижесі болмаса тұрғындар өңір аумағынан шыға алмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО аумағынан шығу үшін енді ПТР тест анықтамасы керек – дәрігерлер

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары өңірде карантиндік шараларды күшейтуге қатысты брифинг өткізді.

Санитария дәрігерлерінің айтуынша, ПТР-тест нәтижесі облыс аумағынан шығатын барлық жолаушыларға керек.

«СҚО-да ПТР-тестті 4 зертханада жасатуға болады. Оның бірі - Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Ұлттық сараптама орталығында орналасқан. Тағы бірі – пульмонология орталығында орналасқан. Сондай-ақ екі жекеменшік клиникада жасатуға болады. Тағы бір жекеменшік зертхана қараша айының 20-сынан кейін ашылады деп жоспарланған. Онда 2 мыңға дейін тест жасатуға болады. Ұлттық сараптама орталығы жеке тұлғаларға 8 мың теңгеге, заңды тұлғаларға 9 мың теңгеге жасайды. Зертханалар үлгеріп жатыр, ешқандай дүрлігу жоқ», - дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлова.

Санитария дәрігерінің айтуынша, соңғы кезде сырттан келушілер арасында КВИ-ді жұқтырушылар көбейген. 6 қазан мен 2 қараша аралығында Ресеймен шекаралас бақылау пункттері арқылы 15 663 адам өткен. Оның шамамен 4,5 мыңында ғана анықтама болған. 1400-дей адам карантинге алынып, COVID-19 тексерілді. Нәтижесінде 118 адамнан коронавирус анықталды. 77 шетелдік ПТР-тест нәтижесі болмағандықтан кері қайтарылған.

«Коронавирусты жұқтырушылар арасында жүк тасымалдаушылар көп. Қазан айында Ресейден келген 104 адамда КВИ анықталса, соның 24-і жүк көліктерінің жүргізушілері. Соның ішінде жүк тасымалдаушылардың 22-сі – басқа өңірлердің тұрғындары. Оларда қауіпті инфекция СҚО аумағында анықталғандықтан, осы өңірдің статистикасына кіреді», - дейді Татьяна Горлова.