СҚО аумағында биыл 3,5 млн көшет отырғызылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылға дейін 20 мың гектарға 100 млн түп көшет отырғызылуы тиіс. Биыл оның 3,5 миллионы егілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, мемлекеттiк орман қоры 549,6 мың га алып жатыр, оның 439,8 мың га – орманды алқап. Президенттің былтыр қыркүйек айында берген 2 млрд ағаш отырғызу тапсырмасына орай өңірде кешенді жоспар әзірленді. Осы жоспарға сәйкес орман шаруашылығы мекемелерi 2021-2025 жылдар аралығында 20 мың гектар алаңға 100 млн түп көшет отырғызуды жоспарлап отыр.
«Биыл жоспар бойынша 850 га алқапқа ағаш отырғызуымыз қажет еді, біз iс жүзiнде 868 га 3,5 млн астам көшет отырғыздық. Алдағы жылдарға көшет алу үшін орман мекемелерiнiң уақытша питомниктерiнің 9,3 га алқабына қайың мен қарағай тұқымы себiлдi. Егiс алаңы мен отырғызылатын материал көлемi жыл сайын ұлғаяды», - дейді басқарманың бөлім басшысы Василий Лабанчук.
Орман шаруашылықтарында көшет отырғызатын 34 тұрақты және уақытша питомниктер бар, аумағы әзірге 218 га, алдағы бірер жылда ол тағы 75 га ұлғайтылмақ.
Маманның айтуынша, қазіргі уақытта қарағай бүршiктерiн жинау жұмыстары басталды. Қарағай бүрлерi қазаннан наурыз айына дейiн жиналады. Биыл кешенді жоспарға сәйкес оны жинау көлемi бiрнеше есеге артты. Мамандар 13500 кг жинап алулары тиіс. Бүгінге дейін орман шаруашылықтары бойынша 2 мың кг астам қарағай бүршiктерi дайындалды.



