СҚО аумағында Ресейде тіркелген 6 мыңнан астам автокөлік жүр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ресейде тіркеуде тұрған 6 мыңнан астам көлік бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ресеймен шекаралас жатқандықтан болар СҚО аумағында Ресейдің нөмірін таққан көліктер жиі кездеседі. Рубль қымбаттамай тұрып көрші елден тәуір көлік әкелу тиімді болды. Тамыр-танысы барлар оларды сол жақта тіркеуден өткізсе, ондай мүмкіндігі жоқтар тәуекелге бел буып, көлікті еш тіркеусіз мініп жүр.
СҚО полиция департаментінің мәліметінше, өңірде қазіргі уақытта Ресейде тіркелген 6 мыңнан астам автокөлік бар.
«ҚР ІІМ тапсырмасымен СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментімен бірге 2021 жылдың 10 тамызы мен 2022 жылдың қаңтары аралығында «Транзит» іс-шарасы өтті. Министрлікке жіберілген тізімге сәйкес СҚО аумағында Ресейден әкелінген, бірақ еш жерде тіркелмеген 3 979 автокөлік жүргендігі анықталды», - дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ерлан Мәдиев.
Ал Армения мемлекетінен 2020 жылдың 1 қаңтарына дейін әкелінген, тіркеуге болатын 526 автокөлік бүгінде СҚО полициясының базасына енгізілді. Олардың 450-і қазіргі уақытта тіркеуден өтіп, сары нөмірлік белгімен жүр.
Ерлан Мәдиевтің айтуынша, осы жылдың тамыз айына дейін жол жүрісі қағидаларының бұзушылықтарын анықтайтын автоматтандырылған тіркеу құрылғылары арқылы шетелдік көліктерге қатысты 1113 хаттама толтырылған. Айыппұлдың жалпы соммасы 7 млн 300 мың теңгеден асады.
Сондай-ақ биыл 41 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 8 адам қайтыс болды, 69 адам жарақат алды.
Ал мамандандырылған айыппұл тұрағына Ресей есебінде тұрған 241 автокөлік қойылған. Көлік жүргізушілеріне 17 қылмыстық іс қозғалып, 243 әкімшілік хаттама толтырылды. Соның біреуі көлікті басқару құқығынан айырылған жүргізушіге қатысты, тағы біреуі міндетті сақтандыру рәсімін жасамағаны үшін, ал басым бөлігі белгіленген тәртіп бойынша тіркелмеген көлікті басқарғаны үшін.
«Мемлекет басшысы Жолдауда айтып өткендей, сырттан әкелінген көліктерді заңдастыруға рұқсат беру - көлік иелері үшін үлкен, әрі жақсы мүмкіндік. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастапқы тіркеу және кәдеге жарату құны 200-250 мың теңгеден аспау керектігін айтты. Бұл халық үшін жақсы шешім деп ойлаймын. Тек көліктер таза, яғни іздеуде және қылмыстық істерге қатысы болмауы керек», - дейді Ерлан Мәдиев.