СҚО аумағында жолдар жөнделеді - Ұлттық экономика министрлігі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 2,3 млн шаршы метр немесе 21,7 мың пәтер салынады. Бұл туралы Үкімет отырысында СҚО-ның 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстыру кезінде ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Халықтың өмір сүру сапасын арттыру және жағдайларын жақсарту мақсатында тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық әрі цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады. «Ауыл - Ел бесігі» жобасы аясында 307 тірек және спутниктік ауылдарда жаңа өңірлік стандарттарға сәйкес жолдар, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, мектептер, балабақшалар, мәдениет үйлері және басқа да нысандар салынып, жөнделетін болады», - деді министр.

Оның айтуынша, қалалар мен ауылдарда 412 шақырым сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау жүзеге асырылады. Бұл ретте 100% ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Сондай-ақ, 2,3 млн шаршы метр немесе 21,7 мың пәтер салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Өңірдің барлық қалалары, тірек және спутниктік ауылдары кеңжолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етіледі. Шамамен 2 100 шақырым жолды жөндеу және реконструкциялау жүргізілетін болады, бұл 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 98 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», - деді Ә. Ерғалиев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарын таныстырды. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,8 трлн теңге.


Соңғы жаңалықтар