СҚО ауылдарындағы үйлерге ауызсу тартылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысындағы 20 мың үйге ауыз су тартылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

СҚО ауылдарындағы үйлерге ауызсу тартылды

«Бүгінгі таңда облысымыздағы 58 мың адам тұратын 20 мың үйге ауызсу тартылды. Бұл- барлық үйдің 26%. Егер ауыл шетінде су шығатын мұнара тұрса - статистика бойынша ол жерде су бар болып саналады. Мен үшін бұл жеткіліксіз. Ауыз су үй ішінде болуы керек», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.

Сондай-ақ, ол биыл 26 мың тұрғыны бар 41 ауылда 177 шақырымдық таратушы торапты қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.

«1668 үй торапқа қосыла алады. Олардың 491-і үйге су тартып алды», - дейді ол.

Жалпы, облыста сумен жабдықтауға бөлінген қаражат 4,4 млрд теңгеге өскен.

«Келесі жылы қосымша 6,1 млрд теңге бөлініп, 3,6 мың үйде ауызсуға қосылу мүмкіндігі болады», - дейді облыс әкімі.