СҚО ауылында өрт сөндіру бөлімі ашылды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы Бугровое елді мекенінде өрт сөндіру бөлімі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қызылжар ауданы Бугровое ауылында жұмысын бастаған өрт бөлімшесі «Шағала Агро» ЖШС-нің негізінде жұмыс істемек.
Бугровое ауылдық округіне 5 елді мекен қарайды. Тұрғындар саны 2 мыңнан асады. Өрт сөндіру бөлімін ашуға ауылдық округтің аудан орталығынан 63 км шалғай жатуы себеп болған.
«Мемлекеттік өртке қарсы қызмет жоқ шалғай елді мекендерде жергілікті атқарушы органдардың көмегімен өрт сөндіру бөлімдерін құру жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілген. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандық әкімдік «Шағала Агро» ЖШС-мен меморандумға қол қойды. Нәтижесінде серіктестік өрт сөндіру бөлімшесін өз қаражатына ұстамақ. Жаңадан құрылған команда өртті сөндіруге ғана емес, басқа да төтенше жағдайлармен күреске жұмылдырылады. Қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмектеседі», - дейді өрт сөндіру бөлімінің салтанатты ашылуына қатысқан СҚО ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.

Өрт сөндіру бөлімі жылы гаражбен, арнайы АЦ-2,5-40 өрт сөндіру көлігімен қамтылған. Жеке құрамнан екі адам тәулік бойы кезекшілік атқармақ.
