СҚО басшысы азық-түлік бағаларын тексеруге уәде берді
Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарованың берген мәліметтеріне қарағанда, облыс базарларына 500 тонна картоп, тағы 100 тоннадан пияз, қырыққабат және сәбіз шығарылады. Интервенция базарды көкөніс өнімдерімен молықтыру және осы санаттағы тауарлар бағасының артып кетуіне жол бермеу мақсатында өткізіліп жатыр.
«Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының индексі 98,7%-ті құрады. Көкөністердің бағасы төмендеген. Бірінші санаттағы жұмыртқаның бағасы 175 теңгеден 180 теңгеге дейін артқан. Облыстағы құс фабрикаларымен бағаны көтермеу туралы меморандумға қол қойылды. Орташа баға 180 теңге болды. Құс фабрикаларының фирмалық сауда орындарындағы жұмыртқаның көтерме сауда бағасы - 175 теңге, ал бөлшек саудада - 185 теңге», - дейді Құралай Жарова.
Ол облысты жұмыртқаның бағасы Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда арзандау екенін де тілге тиек етті.
Құралай Жарованың айтуынша, Қостанайда он жұмыртқа 200 теңге, Павлодарда 205 теңге тұрады. Ал Қазақстандағы жұмыртқаның орташа бағасы 231 теңгені құрайды. Кәсіпкерлік және туризм басқармасындағылар жұмыртқаның осы бағасын жыл соңына дейін ұстап тұруға үміт етіп отыр. СҚО әкімінің айтуынша, баға жыл басында да өзгермеуі тиіс.
«Қазір осының үстінде жұмыс істеу қажет. Мендегі мәліметтер бағаның сәл басқаша екенін көрсетеді. Мен тек басқармалардан емес, жұртшылықтан, әлеуметтік желілерден - бүкіл дереккөздерден мәліметтер аламын. Бағаны апта сайын қадағалап отыру және ресми статистиканы тексеру қажет», - дейді Құмар Ақсақалов.