СҚО Бәйтерек ауылының тұрғындары қаңғырған иттерден қорғауды сұрайды

қаңғырған ит
Фото: Айнұр Құдайбергенова

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бәйтерек ауылында қаңғырған иттер мал-жанға шабуылдап, тұрғындардың мазасын кетірді. Құзырлы органдарға шағымданғанмен, нәтиже жоқ. 

Бәйтерек ауылының тұрғыны Айнұр Құдайбергенованың айтуынша, қаңғырған иттер үйір құрып, тобымен жүретін болған. Тағыланған аш жануарлар түнде қораға түсіп, екі малын жарып кеткен.

бұралқы
Фото: Айнұр Құдайбергенова

«Түнде қора есігін ілгекке жабуды ұмытып кетіппіз. Таңертең келсек екі малды талап тастаған. Қазір түнде далаға шығудан қалдық», - дейді ауыл тұрғыны.

Қаңғырған иттер мектеп маңын торып, балаларға да шабуылдай бастаған.

«Балаларға обал. Далаға шығып, бір мезгіл ойнаудан қалды. Мектепке апарып, әкелеміз. Ересектердің өзі емін-еркін жүре алмайды. Аш иттер қауып алуға дайын тұрады. 
Жақында көзімше үш тауығымды талап тастады. Учаскелік полицейге айттым. Ауылдық әкімдік өтемақы төледі. Бірақ барлық ауыл тұрғындарына бере бермейді ғой», - дейді ауылдың тағы бір тұрғыны Сақып Құлмұрзинова.

талау
Фото: Айнұр Құдайбергенова

Бәйтерек ауылына жақын маңда қоқыс алаңы бар. Керексіз болған иттерін жұрт сол жерге апарып тастайтын болған. Қаңғырған иттердің көбеюіне сол себеп.

«Қызылжар ауданында иесіз иттер мен мысықтарды ұстауға орын қарастырылмаған. Ольшанка ауылында арнайы пункт салу жоспарланған. Қазіргі уақытта жер телімі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ол жерде қаңғырған жануарлар зарарсыздандырылып, чиптеледі. Қазіргі уақытта бұл жұмыс тоқтап тұр. 
Ит адамды қапқан жағдайда дәрігерге қаралып, кейін аудандық ветеринария станциясына шағым жазып қалдыруы керек», – деді СҚО ветеринария басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Нұртазин.

Соңғы жаңалықтар