СҚО Бескөл ауылында 40 отбасы жаңа пәтерге қол жеткізді
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы Бескөл ауылында 40 отбасы Тәуелсіздік күні қарсаңында баспаналы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Қызылжар ауданында кезекте тұрған 40 отбасыға пәтер кілті табыс етілді. Жақсы жаңалықпен СҚО әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желідегі жеке парақшасында бөлісті.
«Бұл Бескөлде салынған алғашқы 5 қабатты үй. Келесі жылы жанынан дәл сондай тағы бір көп қабатты үй бой көтереді.
Аудандарда биыл кезекте тұрғандар үшін 7 көп қабатты үй салынды. Жалпы, биыл 300 мыңнан астам шаршы метр пайдалануға беріледі. Бұл 3 мың пәтер. 11 мың адам қоныс тойын тойлайды. Келесі жылға 400 мың шаршы метр баспана саламыз деген мақсат қойдық. Қазірдің өзінде облыс орталығында көп пәтерлі 32 тұрғын үй салынып жатыр. Осының арқасында көптеген солтүстікқазақстандықтар жаңа баспанаға ие болады», - деп жазды Құмар Ақсақалов. 
Бескөл ауылындағы көпқабатты үйдің құрылысы былтыр тамызда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында басталды. Жалпы аумағы шамамен 3 мың шаршы метр. Пәтер кілттері жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, тұрмысы нашар және көпбалалы отбасыларға табысталды.