СҚО биыл өрттен 143 млн теңге шығын шекті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында аумағында биыл 400-ге жуық өрт тіркелді, келген шығын 143 млн теңгеден асады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО биыл өрттен 143 млн теңге шығын шекті

Петропавлда өңірлік коммуникациялар қызметінде СҚО төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов облыстағы өрттерге қатысты ақпарат берді.

Өңірдің бас құтқарушысының айтуынша, биыл 367 өрт тіркелген. Салдарынан 32 адам қаза тауып, 34 күйік алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп, былтыр 22 адам мерт болып, сегізі жарақаттанған еді. 2020 жылы келген шығын 393 млн теңге болса, биыл 143 млн теңгеден асады.

«Өңірде табиғи өрттер өршіп тұр. Өртке қауіпті маусым басталғалы қураған шөп, қоқыс пен қамыс 750 рет жанған. 34,3 га аумақта 16 орман өрті тіркелді, келген материалдық шығын 3 млн теңгеден асады. Сондай-ақ 423 га 38 дала өрті тіркелді.

Былтыр 635 га дала жанып кетті, 15 орман өрт тіркеліп, келген шығын 1 млн 238 мың теңгені құраған болатын», - дейді Рамиль Камалов.

Кей аудандарда орман өрті 50 %-ға артқан.

«Орман өртінің шығуына 6 жағдайда жұмыс барысында қауіпсіздік ережелері сақталмаған. 5 жағдайда кінәлілер анықталмады. Екеуінде отты абайсыз қолдану себеп болса, тағы сонша жағдайда орманға жай түсіп, өрт шыққан.

Табиғи өрттердің алдын алу мақсатында облыс аумағында құрамында 233 адам бар 47 мобильді топ жұмыс істейді. Олар 700-ден астап рейд өткізіп, 96 заң бұзушыны анықтады. Олардың 95-і бірінші жолға ескертілді, біреуіне 65 мың теңге шамасында айыппұл салынды», - дейді департамент бастығы.

Жалпы СҚО аумағында өрт қаупі жоғары 67 елді мекен, 15 сауықтыру лагері және 41 демалыс орны бар. Олардың барлығы мамандардың назарына алынған.