СҚО бюджетінен тұрақтандыру қорын қалыптастыруға 2,5 млрд теңге бөлінді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрақтандыру қорында қазіргі уақытта 12 мың тоннаға жуық өнім бар. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің басым бөлігі – жергілікті тауар өндірушілердің өнімі.

Париждегі Олимпиада ойындарын өткізуге Қазақстан делегациясына 900 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінді
Фото: Kazinform

СҚО-да «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ тұрақтандыру қорын қалыптастырады. Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті сатып алуға облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.

«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 14-і енген.

«10 қыркүйектегі жағдай бойынша тұрақтандыру қорында 11,7 мың тоннадан астам өнім және 6 мыңға жуық жұмыртқа бар. Оның ішінде 4,5 мың тонна ұн, 263 тонна макарон өнімі, 400 тоннадан астам күріш, 540 тонна қарақұмық жармасы, 880 литр күнбағыс майы, 550 тоннаға жуық тұз, 1400 тонна қант, 1250 тоннаға жуық картоп, 480 тоннаға жуық сәбіз, 470 тонна қырыққабат, 450 тонна пияз, 570 тоннадан астам тауық еті.

Облыста өндірілмейтін күріш, қант, күнбағыс майын қоспағанда, қалған өнім жергілікті тауар өндірушілерден сатып алынады. Сатып алу қарыз, форвардтық сатып алу және жеткізу шарттарын жасасу арқылы жүзеге асырылады», - дейді мамандар.

Агроқұрылымдар тұрақтандыру қорын жаңа піскен көкөністермен де уақтылы қамтамасыз етіп келеді. Өнімдер бірден сауда орындарына түседі.

Қыс мезгілінде көкөністер «Радуга» ЖШС заманауи көкөніс қоймасында сақталынады. Нысанда көкөністерді мамыр-маусымға дейін бұзбай жеткізуге мүмкіндік беретін қажетті жағдай, соның ішінде температура, желдету бар.

Өнімдер қоймалардан тұрақтандыру қорының сауда орындарына күн сайын, супермаркеттерге – аптасына үш рет, үй астында орналасқан дүкендерге аптасына екі рет жеткізіледі. Тұрақтандыру қорымен ауылдық дүкендер де жұмыс істейді. Өтінімдерді аудандардағы кәсіпкерлік бөлімдері қабылдайды.

Жалпы «Солтүстік» ӘКК» АҚ барлығы сегіз сауда орны бар, оның жетеуі Петропавлда және біреуі Қызылжар ауданының Бескөл ауылында орналасқан. Мұндағы баға анағұрлым арзан, мәселен күріш - 427 теңгеден, күнбағыс майы 460 теңгеден, қарақұмық жармасы 240 теңгеден саудаланып жатыр.

Тұрақтандыру қорынан алынған өнімді сауда орындары келісім бойынша 15% аспайтын үстемемен ғана сатады.

Бұған дейін Ақтөбе облысындағы тұрақтандыру қорының айналым қаржысы 1,9 млрд теңгені құрағандығын жазған едік.