СҚО-да 10 күн ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 75 дерегі анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасы өтті. Нәтижесінде отбасы шырқын бұзған 73 жанжалқой әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде полицейлер 10 күнге шақталған «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасын қорытындылады. Осы аралықта тәртіп сақшылары есепте тұрған 883 отбасыны аралап шықты. Мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, болған фактілерді анықтап шара қолдану.
«Іс-шара барысында 325 құқық бұзушы, соның ішінде отбасындағылардың мазасын алған 73 жанжалқой әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 133 қорғау нұсқамасы шығарылды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 75 дерегі анықталса, соның 52-сін полицейлер жапа шегушілер арыз бермей-ақ өздері анықтады. Сондай-ақ сот құқық бұзушылардың 40-ына спирттік ішімдік ішуге тыйым салатын ерекше талаптар қойды», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Әсем Ілиясова.
Полицейлерге тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге волонтерлер де көмектеседі. Іс-шара аясында олардың көмегімен өмірлік қиын жағдайға тап болған 11 отбасы анықталды.
Наркологиялық орталыққа маскүнемдікке салынған 9 адам мәжбүрлі түрде жатқызылды.