СҚО-да 10 жылда халық саны 45,8 мың адамға азайған
АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысында халық саны азайған. Мұның себебін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов түсіндірді.
«Соңғы 10 жылда халық саны 45,8 мың адамға қысқарды, оның ішінде ауыл халқының саны 63,8 мың адамға азайды. Бұл ретте, 10 жыл ішінде көші-қон сальдосы минус 54,5 мың адам, оның ішінде сыртқы – минус 23,8 мың адам болды. Сыртқы көші-қонның 70%-ы Ресей Федерациясына тиесілі. Бұл процесс заңды, өйткені біз солтүстіктегі көршіміздің 3 облысымен шектесеміз, ол жаққа негізінен жастар жалақысы жоғары жұмыс, қолайлы әлеуметтік жағдай іздеп кетеді», - деп Ғауез Нұрмұхамбетов Сенатта өткен Үкімет сағатында мәлім етті.
Әкімнің айтуынша, солтүстікқазақстандықтардың сыртқа жайлы өмір іздеп кетуі өңірдің демографиялық өсімге әсер етіп отыр.
«Еліміздің солтүстік өңірлерінде ауыл көп. Бұл - тарихи қалыптасқан жағдай», - дейді ол.