СҚО-да 100-ден аса кәсіпорын «Ashyq» жобасына қосылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысы «сары» аймаққа кіргелі қоғамдық тамақтану орындары «Ashyq» жобасына белсенді қосылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да 100-ден аса кәсіпорын «Ashyq» жобасына қосылды

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде осы күнге дейін 111 кәсіпкерлік нысаны «Ashyq» жобасына қосылды. Олардың 50-ге жуығы - өңірдің қоғамдық тамақтану нысандары.

«Бұған дейін рестораторлар арасында «Ashyq» жобасына қосылуға ниет білдіргендер аз болды. Оған біздің өңірдің ұзақ уақыт бойы «жасыл» аймақта болуы себеп. Облыс «сары» аймаққа өтіп, шектеулер енгізілгеннен кейін, жобаға сұраныс артты. Қосымша бізге «сары» аймақта болсақ та, қалыпты жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Мысалы, қазір мейрамханаларға сағат 24.00-ге дейін ғана жұмыс істеуге рұқсат. Ал «Ashyq» жобасына қатысушылар түнгі сағат 2.00-ге дейін ашық. Сол себепті кәсіпкерлер белсенділік танытып жатыр. Тек бір күннің ішінде 7 қоғамдық тамақтану орны QR-код алды», - дейді СҚО рестораторлар мен отельерлер қауымдастығының төрағасы, СҚО аумақтық кеңесінің мүшесі Сайран Хамзин.

СҚО-да «Ashyq» жобасына қосылғандардың 63-і толыққанды қатысушы болса, 48-і тестілік режимде жұмыс істеп жатыр.

СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, қосымшаның жұмысында техникалық ақаулар болған, алайда қазір бағдарлама жұмыс істеп тұр және нәтижесін беріп жатыр.

«Бағдарламаның көмегімен күн сайын карантин талабын бұзған 200-дей адам анықталады. Бұл адамдар өздерінің ауырғанын білгенімен, талапты бұзып, қоғамдық орындарға барады. «Ashyq» - сүзгі тәріздес, бұл қосымшаға қосылған мекемелер қауіпсіз, өйткені олар науқастарды кіргізбейді. Біздің өңірде де карантинде отыруы тиіс адамдардың мейрамхана мен дәмханаға кірмек болған жағдайлары анықталды. Мамандар оларға тиісті шаралар қолданды. Яғни, бірінші рет ескертеді, қайталанса – айыппұл салады», - дейді Жеңіс Қазиев.