СҚО-да 100 мыңға жуық адамға медициналық сақтандыру жасалмаған
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалының мәліметінше, медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген 2017 жылдың шілдесінен өткен жылдың соңына дейін қорға 36,4 млрд теңге жарна және аударым ретінде түскен. Оның ішінде 22,3 млрд теңге жұмыс берушілердің, 14 млрд теңге жеке кәсіпкерлердің үлесі.
«2022 жылдың басынан бері Медициналық сақтандыру қорына жарналар мен аударымдар 349 686 адамға түсті, олар жұмыс істейтін азаматтар, жеке кәсіпкерлер, дербес төлеушілер. Аударылған қаражат көлемі 14,7 млрд теңге. Ал облыс тұрғындарына міндетті медициналық сақтандыру аясында медициналық көмек көрсетуге 21,8 млрд теңге бөлінді», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ СҚО филиалының директоры Лариса Гордеева.
Статистика мәліметтеріне сәйкес, СҚО-да 1 ақпан 2023 жылы халық саны 534 024 адамды құрады. Олардың ішінде сақтандырылғандар саны 434 556 адамды немесе облыс халқының жалпы санының 81,4 %, Қазақстан бойынша көрсеткіш 82,5 % құрады.
Ал сақтандырылмағандар саны 99 468 адамды құрады.
«Былтыр 1 ақпанда 109 303 адам сақтандырылмағандар қатарында болды. Яғни 9835 адамға азайды. 273 760 адам жеңілдікті санатқа жатады. Мемлекет «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының 26-бабына сәйкес олар үшін жарна төлейді.
Облыстың қалалары мен аудандары бойынша сақтандырылмаған азаматтардың ең көп саны Петропавл қаласында тұрады – 46 943 адам. Ауылдық округтер бойынша Тайынша ауданы – 8994 адам, Айыртау ауданы – 6895 адам, Мағжан Жұмабаев ауданы – 5593 адам көш бастап тұр.
Петропавл қаласында 46 943 тұрғын МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған, сондықтан олар МӘМС жүйесінде медициналық көмек ала алмай отыр», - дейді Лариса Гордеева.