СҚО-да 102 мобильдік қосымшасына тұрғындардан 400-ден астам хабарлама түсті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицияның 102 мобильдік қосымшасына биылғы жарты жылда қылмыс, құқық бұзушылықтар жайында 427 хабарлама түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицейлер 102 мобильдік қосымшасы арқылы халықтан мәтіндік, аудио хабарламалар қабылдап, бейне байланысқа шығады. Кезекші бөлімнің инспекторларына кез-келген гаджеттен хабарласуға болады, сондай-ақ Telegram мессенджерінде бот арқылы да хабарлама жіберуге жағдай жаалған.

102 қосымшасы ел аумағында 2021 жылғы ақпанда іске қосылды.

Бұл сервис бірінші кезекте азаматтарға ыңғайлы болуы үшін әзірленген. Әдеттегідей хабарлама, фото, бейне және аудио файлдарды да жіберіп қана қоймай, «SOS» батырмасын да пайдалануға болады, батырма басылғаннан кейін полицияның Жедел басқару орталығындағы кезекші қызметкермен бейне байланыс орнатылады. Полиция патрулі арызданушының тұрған жеріне шұғыл аттануы үшін геолокацияны анықтау қызметін қосу қажет.

Алайда, тәжірибе көрсеткендей, азаматтар полиция қосымшасына жүгінбей, көп жағдайда қылмыс пен құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты белгілі әлеуметтік пабликтерде жариялайды. Бұндай байланыс түрі шұғыл ден қоюды тежейді, себебі жарияланымдарды анықтап, талдау керек. Ал «102» қосымшасына келіп түскен хабарлама міндетті түрде Жедел басқару орталығында тіркеледі және қолданушыға ресми жауап жіберіледі.

СҚО ПД АББ бөлім бастығы Михаил Золкиннің айтуынша, өңірде полицияның 102 қосымшасына тәулігіне орта есеппен 10 хабарлама түседі. Көп жағдайда олар көлік жүргізушілерінің тәртібіне қатысты. Жалпы қосымша іске қосылғалы 427 хабарлама келіп түскен, оның 25-і бейне байланыс арқылы.

Мобильдік қосымшамен қатар бұрынғыдай 102 нөмірі арқылы да хабарламалар қабылданып жатыр. Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицияға 85 мың 300-ден аса қоңырау келіп түскен, оның 19 810 қылмыс пен құқық бұзушылықтар туралы хабарламалар, олар бойынша полицияның шұғыл әрекет етуі қажет болды. Жедел басқару орталығының инспекторлары бейне камералардың көмегімен 10 337 әкімшілік құқық бұзушылықты тіркеді. Басым бөлігі Жол жүрісі ережелерін, қоғамдық тәртіптің бұзу, сондай-ақ қоғамдық орында мас күйде жүрген тұлғаларды анықтау фактілері. Бұдан бөлек, 7 айда облыс орталығының көшелерінде бейне камералардың көмегімен 117 қылмыс ашылды.



Соңғы жаңалықтар