СҚО-да 1,1 млрд теңгенің қазандығын салу бойынша конкурс заңды бұза отырып өткізілген

госзакупки
Фото: Kazinform

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Солтүстік Қазақстан облысының прокурорлары заң бұзушылық анықталған 11 мемлекеттік сатып алуды болдырмады. Нәтижесінде бюджеттің 3,3 млрд теңгесі үнемделді. 

СҚО прокуратурасының мәліметінше, бюджет қаражатының жұмсалуына жүргізілген талдау барысында мемлекеттік сатып алу заңнамасының өрескел бұзылғандығы анықталды.

Тимирязев ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің лауазымды тұлғалары «Мемлекеттік сатып алу және сәулет, қала құрылысы қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының талаптарын бұзған. Әкімдік 1,1 млрд теңге тұратын қазандық құрылысына мемлекеттік сатып алулар жүргізген. Алайда конкурстық құжат нысан бойынша жұмыс жобасының қорытындысына сәйкес келмеген. Салдарынан бұл басқа конкурсқа қатысушылардың құқығын шектеген.

Басқа жағдайда Қызылжар аудандық білім бөлімінің қызметкерлері 319,3 млн теңге сомасына Якорь ауылындағы балабақша ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сатып алулар жүргізген. Алайда заң талаптарына қайшы келіп, мүгедектердің және жүріп-тұруы шектеулі адамдардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын ескермеген.

Қадағалау органының актілері бойынша бұл екі сатып алулар жойылды. Қазір кінәлі лауазымды тұлғаларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту шаралары жүргізілуде.

Жалпы, жыл басынан бері прокурорлар 11 мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, нәтижесінде 3,3 млрд теңге бюджет қаражатының заңсыз жұмсалуына жол бермеді.

Соңғы жаңалықтар