СҚО-да 12 адам қызылша жұқтырды
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл қызылшаның зертханалық расталған 12 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Арман Күшбасовтың айтуынша, Петропавлда 8, М. Жұмабаев ауданында 2 және Аққайың және Жамбыл аудандарында бір жағдай тіркелді.
«Қызылшамен ауырғандардың үшеуі инфекцияны БАӘ, Ресей және Қырғызстан елдерінде демалып, сол мемлекеттерден жұқтырып алған. Сырқаттанғандардың арасында вакцина салдырмаған 14 жасқа дейінгі екі бала да бар. Жалпы анықталған жағдайлардың 50% азаматтар екпе алудан бас тартқан. Екеуінің вакцинация мәртебесі белгісіз», - дейді Арман Күшбасов.
СҚО-да қызылшамен ауырғандардың жетеуі – 14 жасқа дейінгі бала. Екі адам 15-19 және 20-29 жастағы топқа жатса, қалған бір сырқат 40 жастан асқан.
«Ауырғандардың тең жартысы жеке сенімге байланысты қызылшаға қарсы вакцина алмаған. Қызылша – өте жұқпалы, ауыр вирустық инфекция. Ол ауа тамшылары арқылы таралады. Көз, мұрын арқылы кейін бүкіл денеге таралады. Қызылша – адам ауруы, онымен жануарлар ауырмайды.
Қызылша асқынып, арты өлімге апаруы мүмкін. Көбінесе бес жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде асқынып, ауыр өтеді. Салдарынан соқырлық, энцефалит – мидың ісінуі, ауыр диарея және онымен байланысты дегидратация, құлақ ауруы және пневмония сияқты ауруларға әкелуі мүмкін. Жүкті әйелдер үшін де аса қауіпті, жүктілік өздігінен түсік тастаумен немесе мерзімінен бұрын босанумен аяқталуы мүмкін», - дейді Арман Күшбасов.
Маманның айтуынша, қызылшаны жұқтырған жағдайда бетте бөртпе пайда болып, температура 390 градустан жоғарылайды, конъюнктивит, жөтел, мұрыннан су ағу және ауызда ақ дақтар пайда болады.