СҚО-да 12 тонна ішімдік тиелген жүк көлігінің тіркемесі аударылды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Бүгін әлеуметтік желілерде күре жол бойында аударылған алкогольді өнімдер тиелген жүк көлігі тіркемесінің суреті пайда болды.

СҚО-да 12 тонна ішімдік тиелген жүк көлігінің тіркемесі аударылды

Желі пайдаланушылары мұны жаңажылдық әзіл деп тұспалдады. Анықталғандай, ішімдікке толы тіркеме Дубровное ауылының маңында расымен де аударылған. Бірақ жүргізуші тіркемесінің ажырап кеткенін бірнеше шақырым жүріп өткеннен кейін ғана байқаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жүргізуші MAN маркалы автокөлігін тізгіндеп келе жатқан. «Мамлютка-Қостанай» автожолының 49-ыншы шақырымында, Дубровное ауылына жақын жерде тіркеме ажырап кетіп, аударылған. Жүргізуші қозғалысын жалғастыра берген. Сенжарка ауылының маңында кері бұрылып жатып, өзі де жарға құлап кеткен», - деп мәлім етті СҚО ІІД-нің баспасөз қызметінен. Жалпы салмағы 12 тонна болатын жүкті жол-патрульдік қызметінің мамандары күзетуде.