СҚО-да 120 шетелдік дроппер анықталды
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM — Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері банк карталарын үшінші адамдарға берген 120 шетел азаматы анықталды.
Олардың басым бөлігі — Өзбекстан мен Қырғызстан азаматтары. Сондай-ақ, Үндістанның бір азаматы бар.
СҚО Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай карталар интернет-алаяқтық схемаларында пайдаланылуы мүмкін. Олар белгілі бір сыйақы үшін карта деректерін бөгде адамдарға береді немесе өз шотына түскен ақшаны басқа есепшоттарға аударады. Соның салдарынан қаражаттың нақты алушысы мен қозғалысын анықтау қиындай түседі.
СҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әлібек Құжахметов банк өкілдерімен, Қазақтелеком және Қазпошта өкілдерімен кездесіп, интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шараларын талқылады.
Кездесуде күмәнді операциялар туралы ақпаратты жедел жеткізу мәселесіне басымдық берілді. Осы мақсатта банк қызметкерлері мен полиция арасында WhatsApp тобын құру ұсынылды. Мәселен, банкке келген зейнеткердің біреулердің ықпалымен несие рәсімдеуге әрекеттенгені байқалса, қызметкерлер бұл туралы полицияға хабарлай алады. Бұл алаяқтықты дер кезінде анықтап, азаматты қаржылық шығыннан қорғауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұл топта интернет-алаяқтардың жаңа тәсілдері туралы ақпарат жариялау жоспарланып отыр. Бұл банк қызметкерлеріне күмәнді жағдайларды дер кезінде байқап, клиенттерге ескерту жасауға көмектеседі.
Полиция банк карталарын өзге адамдарға берудің салдарына да назар аударды. Ақшаны сыйақы үшін өз шоты арқылы өткізуге келіскен адам да жағдайға қарай заң алдында жауап беруі мүмкін. Ал интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтар келтірілген шығынды азаматтық-құқықтық тәртіппен өндіріп алуға құқылы.
Дропперлерді анықтау және олардың банк карталарын заңсыз мақсатта пайдалануына жол бермеу үшін қаржы ұйымдары да атсалысуы керек. Кездесу қорытындысы бойынша банк секторының өкілдері шетел азаматтарына банк карталарын рәсімдеу кезінде қосымша шаралар қолдану жөніндегі ұсыныстарды өздерінің бас кеңселеріне жолдауды жоспарлап отыр. Олардың қатарында клиенттің карта ашу мақсатын нақтылау мәселесі бар.
Бұған дейін СҚО-да интернет алаяқтық 23% төмендегенін жазған едік.