СҚО-да 1200 орынға шақталған студенттер жатақханасы салынбақ
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында жалпы саны 550 орынға шақталған екі студенттер жатақханасының құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл облыстағы жалғыз жоғары оқу орнына кем дегенде 3 527 грант берілмек. Бұл былтырғымен салыстырғанда 13% артық. Гранттың көбеюі студенттердің артуына сеп. Нәтижесінде студенттер саны 8 мыңнан аспақ. Бұл – 2017 жылмен салыстырғанда 55% артық.
«Қазіргі қиын жағдайға қарамастан, біз бұған дейін жоспарлағанымыздай жаңа оқу-зертханалық корпустың құрылысын бастадық. Жаңа ғимаратта 73 заманауи зертхана орналаспақ. Инженерия және цифрлық технология, көлік, машина жасау, энергетика мен радиотехника, азық-түлік қауіпсіздігі, агрономия, орман шаруашылығы және медицина мамандықтары бойынша оқитын студенттерге арналады», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.
Бұдан басқа жатақханалар құрылысы да жүріп жатыр. Олардың біреуі - 244, екіншісі 306 орынға шақталған.
«Жатақханалардың салынуына байланысты қажеттілік 34,5% қысқарады. Қазір 1594 орын керек болса, ол 1044-ке дейін азаяды. Бұл мәселені толық шешу үшін 1 200 адамдық студенттер жатақханасының құрылысын бастауды жоспарладық. Қазіргі уақытта оның жобалық-сметалық құжаттары әзір, сараптамадан өтті. Қазір құрылысты жүргізетін инвесторды іздеп жатырмыз», - дейді өңір басшысы.
Жаңа оқу жылының алғашқы тоқсанында сабақтар қашықтан оқытылатын болғандықтан, СҚО әкімі Құмар Ақсақалов тұрмысы төмен отбасылардан шыққан оқушыларды қажетті техникамен қамтуды тапсырған еді.