СҚО-да 13,5 мыңнан астам тұрғыны бар 144 елді мекен интернетсіз отыр
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындардың 97 %-дан астамы интернетке қосылуға мүмкіндік алған. Мәселе толық шешілген жоқ, бүгінде халқы 13,5 мыңнан асатын 144 елді мекенде интернет жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Азамат Байтеміровтің айтуынша, облыс тұрғындарының шамамен 97,5 %-ы - 523,5 мың адам интернет желісіне түрлі технологиялар бойынша қосылу мүмкіндігіне ие. Қалада жағдай біршама жақсы болса, ауылдарда мәселе әлі күнге өзекті. 635 ауылдың 491-і ғана интернетті пайдаланып отыр.
«Қазір Үкімет байланыс операторларына 250-ден астам тұрғыны бар барлық ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр. Бұл тапсырма біртіндеп орындалып келеді. Қазір өңірде тұрғын саны 250-ден аспайтын 338 ауыл болса, соның 144-інде интернет жоқ», - дейді Азамат Бейтеміров.
СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, індет кезінде интернетке сұраныс еселеп артты. Тұрғындар ақшасыз төлемге басымдық берді. 2017 жылы өңір халқы осылайша 25 млрд теңгенің саудасын жасаса, былтыр ол 510 млрд теңгеге дейін жеткен.
«Соңғы екі жылда 150-ге жуық елді мекенге интернет жетті. Бұл ауылдарда 35 мың адам тұрады. Әлеуметтік нысандарда, әкімдікте үздіксіз беріліп тұр. Алайда кей жағдайда сапасы сын көтермейді. Тұрғындардың өтінішімен 30 елді мекенде қамтуды және жылдамдығын тексердік. 19-ында жылдамдық тиісті көрсеткішке сай болмады. Жауапты операторларға 8,5 млн теңгеге айыппұл салынды. Сондықтан қазір әр ауылдық округке осындай тексеріс жүргізуді тапсырамын. Әр факті бойынша ақпарат жинап, шара қолдануы үшін министрлікке жіберу қажет», - деді Құмар Ақсақалов.