СҚО-да 1400-ден астам кәсіпкер экологиялық төлемді заңсыз төлеген
АСТАНА. KAZI(NFORM - Табиғат пайдалану саласындағы заңдылықтың жай-күйіне жүргізілген талдау барысында қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін бюджетке төлемдерді негізсіз енгізу фактілері анықталды, деп хабарлайды Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 637-бабы талаптарын бұза отырып, 2024–2025 жылдары облыстың 1,4 мыңнан астам табиғат пайдаланушысы қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін жалпы сомасы 149 млн теңге көлемінде төлем жасаған. Алайда қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес олар аталған міндеттен босатылған.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша облыстың Мемлекеттік кірістер департаменті субъектілердің берген өтініштері негізінде 6,5 млн теңге сомасындағы қаражатты есепке жатқызуды және қайтаруды қамтамасыз етті. Қалған қаражатты қайтару жұмыстары жүріп жатыр.
-Анықталған заңбұзушылықтарды толық жою мәселесі облыс прокуратурасының бақылауында. Алдағы уақытта осындай заңбұзушылықтарға жол бермеу мақсатында мемлекеттік кірістер органдарымен салық төлеушілер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Абай облысында прокуратураның ықпалымен 12 млрд теңгелік жобаның мәселесі шешілгені туралы жаздық.